Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Батыс Қазақстан облысындағы филиалы арқылы биыл төрт түлік санын арттыруға 860 миллион теңге қарастырылған, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұдан бөлек, «Еңбек» бағдарламасы аясында өңір кәсіпкерлері өзге де кәсіп түрлерін өрістетіп отыр.
Теректілік кәсіпкер Мұрат Баймұхамбетов дизельмен жүретін техникалардың электронды бүріккіштерін (форсункаларын) жөндейді. Заманауи қондырғының қызметі ауыл шаруашылығы техникаларын пайдаланушыларға ауадай қажет. Ойға алған істі сәтті жүзеге асыру үшін қордан 6 млн теңге несие алды.
Ерген Таумышев, шаруа қожалығының басшысы:
– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан тағы да 30 миллион ақша алып, 90 бас аналық сиыр алдық. Қазір 250-ден де асып түседі.
Ербұлан Түшкенов, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры БҚФ директоры:
– «Еңбек» бағдарламасы аясында 4 несиелік бағдарламамыз бар. Ол мал шаруашылығын дамытуға, егін шаруашылығын дамытуға және де ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға, содан кейін ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуге несие беріледі. Мал шаруашылығын дамытуға 4 миллион теңгеге дейін беріледі. Зәкірлік кооперациясы аясында 12 миллион теңгеге дейін беріледі. Несие 6,5 жылға дейін беріледі. Оның ішінде жеңілдетілген кезең қарастырылған.
Биыл Қордың өңірдегі филиалы жалпы сомасы 2 миллиард 51 миллион теңге болатын 524 несие берген. Соның ішінде 469 несие «Еңбек» бағдарламасына тиесілі. Нәтижесінде 627 адам жұмыспен қамтылған. Несие беру жұмыстары әлі де жалғасуда.
Ақпараттың дереккөзі: 24.kz