Ауыл шаруашылығы саласын қаржылай қолдау мәселесі кейінгі жылдары басты назарда. «Агробизнес – 2020» бағдарламасы осы мақсатта жұмыс істеп келеді.
Агроөнеркәсіптік кешеніне мемлекет есебінен несие беру соңғы бір жыл көлемінде 10 пайызға артқан. 2013 жылдың сәуір айында аталмыш бағдарлама басталған. Содан бері ауыл шаруашылығы саласына бағытталған жалпы несие көлемі 56 пайызға ұлғайып, 173 миллиард теңгеге жеткен. Осы ретте айта кетуіміз керек, соңғы бес жыл көлемінде проблемалық агронесие көлемі жалпы көрсеткішке қарағанда анағұрлым төмендеген.
«Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде 2013 – 2020 жылдар аралығында агроөнеркәсіптік кешенін дамыту мақсатында мемлекеттік бюджет есебінен 3,12 триллион теңге бөлу қарастырылған. Бұл бағдарламаның бірден-бір операторы – «ҚазАгро» ұлттық холдингі. Мәселен биылғы көктемгі дала жұмыстары мен жиын-терім науқанының өзіне 100,6 миллиард теңге бағытталып отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 16 пайызға артық. Холдинг екінші деңгейлі банктермен ауыл шаруашылығын қолдау мақсатында бірлесіп жұмыс жасауды алдағы уақытта да жалғастыра бермек. Қазіргі таңда серіктес банктердің саны 4-тен 8-ге артты. Осы бағытта қаржыландырудың жалпы көлемі 33,5 миллиард теңгеге жетті. 1 маусымдағы көрсеткішке қарағанда қаражат 99 пайызға игерілген.
Биыл республикалық бюджеттен холдингтің агроөнеркәсіптік саланы қаржыландыруына 60 миллиард теңге бөлінген. Одан бөлек биыл «ҚазАгро»-ға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) есебінен 80 миллиард теңге бөлініп, бұл да еліміздің ауыл еңбеккерлерінің жұмысын еселей түсуге сеп болмақ.
Жыл басында ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қаржылай қолдау төмендемейтінін айтқан. Тіпті биыл ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау саласында 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылатынын да тілге тиек еткен.
«ҚазАгро»-ның негізгі қаржы көзі – сыртқы және ішкі нарықтағы капиталды тарту. Өткен жылы осындай жолмен тартылған қаржы көлемі 452 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласына бюджет шығынын шоғырландыру (оның ішінде Ұлттық қор да бар) өткен жылы рекордтық деңгейге – 349,1 миллиард теңгеге жетті. Бюджет қаражаты көп бөлініп отырған салаларды салыстырып қарағанда, аграрлық сектор көлік және коммуникация саласынан кейінгі екінші орынды тұрақты иеленіп келеді.
Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау мәселесіне кейінгі жылдары банк саласы да бет бұра бастағаны қуантады. Еліміздегі ең ірі 10 банкті алып қарағанда, олардың агросекторға бөлген несиесінің жалпы көлемі былтыр 56 пайызға артқан. Ауыл еңбеккерлеріне несие беруде «Цеснабанк» көш бастап келеді. Өткен жылы аталмыш банк ауыл шаруашылығы саласына несие бөлуді 3 есеге ұлғайтқан. Екінші орынды «Қазком» еншілеп отыр. Үштікті қорытындылайтын – «Халық банкі». Бұл банк өткен жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыру көлемін 28 пайызға арттырған.
Кейінгі жылдары шағын несие ұйымдарының жұмыс қарқыны арта түсті. Соңғы бес жылда, тіпті ШНҰ-ның несие қоржыны 2 есеге ұлғайған. Бірақ бұл саланың ауыл шаруашылығы саласына деген құлшынысы айтарлықтай емес. Дегенмен шағын несие ұйымдары нарығындағы жағдай қазіргі таңда қызық болып тұр. Нарықтағы алғашқы үш ойыншыға саладағы қаржы қоржынының 90 пайызы тиесілі. KMF (несие қоры 29 миллиард теңге, бұл нарықтың 67 пайызы осы компанияға тиесілі деген сөз) пен «Ырыс» (5 миллиард, 12 пайыз) ауылдық жердегі еңбеккерлермен жұмыс жасауды әлдеқашан жолға қойған. KMF мәліметіне қарағанда, компанияның 77 бөлімшесінің 66-сы ауылдық жерлерде орналасқан. Несиелер негізінен, егін және мал шаруашылығымен айналысатындарға беріледі.
Айкын (Алматы), № 150 (2782), 14.08.2015