Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында егіс науқанының қорытындылары туралы өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласының қазіргі ахуалы мен дамыту перспективалары туралы мәселе көтерілді.
2019 жылы көктемгі егіс науқаны және астық жинау жұмыстары үшін ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 65 млрд теңге бөлінді.
ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров атап өткендей, Қазақстанда отандық машинажасау саласына өте көп көңіл бөлінеді.
«Жақында ҚР Премьер-Министрі А. Маминнің Мәскеуге сапары кезінде РФ Премьер-Министрі Д. Медведевпен бірге ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстанда К-744 комбайндарын жинау туралы келісімге қол жеткізілді. Қостанайда комбайндар, Көкшетауда КАМАЗ-дар құрастырылатын болады. Бізде құрастырылатын техникаға 25% субсидия ұсынылады. Қосымша тағы 10% жергілікті бюджеттен берілуі мүмкін», — деді А. Сапаров.
Техника паркін жаңартуда техника лизингі бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және инвестициялық субсидиялау тәрізді мемлекеттік қолдау шаралары маңызды рөл атқарады. «ҚазАгро» ҰБХ АҚ басқарушы директоры Асылхан Джувашев ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыру тетігі туралы айтып берді. Оның айтуынша, «КазАгро» ҰБХ АҚ еншілес компаниясы «ҚазАгроҚаржы» АҚ жұмысының негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстан Республикасының машинатракторлық паркін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары аграршыларына лизинг ретінде ұсыну арқылы жаңарту.
«Жыл сайын техниканы 6%-ға дейін жаңарту қажет. Бүгінгі таңда техника жылына 1,5-2%-ға жаңартылады. Осыған байланысты “ҚазАгроҚаржы” белсенді жқмыстар жүргізіп жатыр», — деді А. Джувашев.
Қазіргі кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасын енгізуінің арқасында сыйақы мөлшерлемесін жылына 4-6%-ға дейін тиімді төмендету мүмкіндігі пайда болды. Нәтижесінде, тапсырыс көлемдері өткен жылғы тапсырыстар көлемінен 1,5 есеге артты.
«Бүгінгі таңда техника лизингіне 50 млрд теңгеден астам қаржы мақұлданды, бұл ретте жылдық жоспар 65 млрд теңгені құрайды. Қажеттілік өте жоғары, біз осы субсидиялау бағдарламасын енгізудің арқасында қаржыландыру көлемін бірнеше есе арттыруды көздеп отырмыз», — деді ол. 2019 жылғы 6 маусымдағы жағдай бойынша «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2019 жылғы көктемгі егіс және астық жинау жұмыстарын өткізу үшін ауыл шаруашылығы техникасының 2,4 мың түрін сатып алу қаржыландырылды.
Сонымен қатар, «ҚазАгроҚаржы» рәсімдерін автоматтандырудың арқасында шешімдер қабылдау процесі айтарлықтай жылдамдады, құжаттар пакеті қысқарады. «ҚазАгро» компаниясы биылғы қаржыландыру көлемін қысқа мерзімде орындауды жоспарлап отыр.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі